Абу Ханифа
Байланыс телефоны:
7 (707) 551 55 05
Электронды пошта:
Нашар
көрушілер нұсқасы
» » » Құран Кәрімдегі сабыр сөзінің ұғымы
29
апрель
2020

Құран Кәрімдегі сабыр сөзінің ұғымы

Абдуллаев Н.К., Наурзалиев И.Р.
"Әбу Ханифа" медресе-колледжі



Құран Кәрімдегі сабыр сөзінің ұғымы

Адам баласының бойында көркем мінез-құлықтың негізгі көрнісі сабырлы бола алуында екендігін айқын түрде Алла Тағаланың әзиз кітабынан байқауға болады. Алла Тағала Құран Кәрімде көркем мінез-құлықтың бірнеше сипат-тарын баяндады соның ішінде ең көп айтылғаны сабырлық мінезі тіпті шыншылдық және аманатшыл мінездерінен де көп келген. Әбу Толиб Әль-Мәкки «Қутуль-Қулуб» атты кітабында қандай нәрсе сабырдан абзал бола алады Алла Тағала кітабында ол жайлы тоқсаннан астам жерде айтты деп келтіреді[1, б. 303]. Ал Абдулмунғим Салих «Тәһзибу мадарижис саликин» кітабында имам Ахмадтың сабыр жайлы Алла Тағала кітабында тоқсанға жақын жерде келді деп айтқан сөзін келтірген[2, б. 351]. Имани көркем мінез-құлықтардың басым бөлігі осы сабырлықтың негізінде жүзеге асады. Сабыр сөзі жалпы ұғымды қамтиды. Кейде оның жүзеге асу орнына байланысты өзге атаулармен аталады: сынақтар барысында нәпсі қалауларын тежей білу сабырлық деп аталады, кереғар атауы шыдамсыздық, ал егер соғыс алаңында орын алса батылдық деп аталады, кереғар мағынасы қорқақтық, өкпе мен ашуға басу айтатын күш атауы кеңпейіл, кереғар мағынасы кернеушілік. Егер, адамның руханияты аста-төк өмірге наразылық танытса, онда ол «зухд» (дүние қызықшылығынан бас тарту) дәрежесіне көтеріледі. Зухдтің қарсы мағынасы «хырс» (дүние қызықшылығына ынтықтық) деп аталады. Жоқтыққа көнгіш рухани мақамды «қанағат», ал оның кереғар мағынасы ашкөздік деп аталады. Адамның осындай төзім сипаттарын «сабырлық» қасиеті құрайды.
Сабыр сөзінің тілдік мағынасы: тежеу, қамау немесе ұстау, деген мағынада, мен сабырлымын сөзі мен нәпсімді, көңіл қалауымды тежей аламын, өзін-өзі ұстай білетін қасиетке ие мағынасында келеді. 
Араб тілінің сөздік қоры бай болғаны соншалық, арабша сөздіктерінің мәшһүрі болып есептелетін Лисануль араб кітабында Имам Ғаллама ибн Манзур сабыр сөзінің мағыналарын түсіндіруде бес бетке жеткізген екен. Мысалы: кепіл болу, қамтамасыз ету, мәжбүрлеу т.б[3, б. 276].
Сабырлылықтың карама-қайшы мағынасы шыдамсыздық, тағатсыздық. Ибраһим сүресінің 21 аятында тозақ иелерінің қиямет күні айтатын сөздері осыған тура келеді: «Ал енді біз қанша жерден шыдамсыздық көрсетсек те, сабырлылық танытсақ та бәрі зая, енді бізге қашып құтылар һәм пана тұтар жер жоқ».
Ал қазақ тіліндегі кітаптардың түсіндірмесінде сабыр сөзінің мағынасы: шыдам, тағат, төзім. Сабыр қылды дегеніміз шыдамдылық жасады, тағатсызданбады деп түсіндіріледі[4, б. 543]. Яғни кез-келген істе тағатсыздық танытпай, төзімді бола білу ұғымын білдіреді.
Сабыр болды деп айтылатын болса мағынасы басқа ұғымды білдіреді: Жауын-шашын көп жауып, жердің батпағы шығып, лайсаңға айналса сабыр болды деп айтылады. Іляс Жансүгіров осы мағынаны қолданып шығармасында былай жазған еді: Жер сабыр болса батпақтайсың, тіпті жүрмей жатып қаласың.
Құран Кәрім сөздеріне арналған мазмұндық сөздікте (ص ب ر) әріптерінің барлық этимологиясының саны жүзден аса, нақтырақ айтқанда жүз үш мәрте келген. Құран Кәрім Алла Тағаланың соңғы елшісіне түсірген мұғжиза екені мәлім. Мұғжиза екендігін көрсететін бір жайт ол Құран Кәрімдегі кейбір сөздердің сан жағынан тең келуі. Мысалы: күн мен түн, жәннәт пен тозақ, күн мен ай сөздерінің бірдей келуі, ал сабыр сөзін Құдіретті Алла Тағала өзінің әзиз кітабында әжір яғни сауап сөзімен тең айтқан. 
Ал (ص ب ر) әріптерінің Құранда келген этимологиясының қайталанып айтылған сөздерді қоспағанда 28 әртүрлі формада келген[5, б. 655-657].
Құран Кәрімде сабырдың хақиқи емес басқа мағыналарды да қамтитын аяттар түскен. Сол аяттардың түсіндірмесі төмендегідей: 
1 – Сабыр – ораза немесе жиһад деген мағынада
«Ей, иманға келгендер! Сабыр және намаз арқылы (Алладан) жәрдем тілендер. Ақиқатында Алла сабыр етушілермен бірге» деген. Тапсірші ғұламалардың кейбірі осы аяттағы сабыр сөзін тікелей мағынасынан тыс ораза немесе жиһад деген ұғыммен аударып соған сәйкес тапсірлеген. Әл-Һидая илә булуғин ниһая кітабында: осындағы сабыр мағынасы ораза. Өйткені ораза құлшылығы ләзәттардан тежеп тұрады делінген[6, б. 515].
Ораза айында ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан бас тартып сабыр сақтайтындықтан «сабыр айы» деп те аталады[7, б. 91].
Зауаид кітабында келген пайғамбарымыздың хадисінде былай келеді: Сабыр айында және әр айда үш күн ораза ұстау көкіректегі қараңғылықты кетіреді[8, б. 360].
2 – Сабыр - разылық білдіру мағынасында
"(Ей Мұхаммед!) Раббыңнын үкімі келгенге дейін сабыр ет"деген. Алла Тағала пайғамбарды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өмірдегі қиыншылықтарға, жауларының жапа, зәбірлеріне шыдамдылық танытып, сабыр сақтауына үндеп, сөйтіп оны Өзі қорғайтынын хабарлады. Әрі мықты және сабырлы болуы үшін әрқашан Раббысын еске алып, оған разы болып дәріптеуге бұйырды.
3 – Сабыр - бір нәрседе бекем тұру, тайынбау деген мағынада:
«Мүшріктердің алдыңғы қатарлары (сені жаңа дінді насихаттаудан айныта алмайтындықтарына көздері жеткенде) өретүрегеліп бір-біріне: «Қане, кеттік, өз құдайларыңа табынудан танбаңдар». Яғни өз құдайларыңды сатып кетпендер, оларға құлшылық етуден тайынбандар. Осы аяттағы сабыр етіндер дегеніміз тайынбау. 
Құрайыш тайпасының дөкейлері пайғамбарымыздың көкесі Әбу Толибке барып өздеріне ұнамды жауап аламағаннан кейін қайта оралып пұттарға табынатындарға: құдайларыңды масқаралап қорласа да оларға құлшылық жасауда бекем болыңдар және осы амалдарыңды табандылықпен негіздеңдер деп жар салған еді[9, б. 95]. 
Келесі аяттағы сабыр сөзі жоғарыда келген мағынаға жақын: «Егер біз құдайларымызға байланысты табандылық танытпағанымызда...». Осы жерде олар өздерінің пұтарына құлшылық етуде бекем тұрғандықтары жайлы айтылады. 
4 – Сабыр – батылдану мағынасында
"Сонда олар отқа (тозаққа) қалай сабыр етпек" деген. Сабыр етпек деген сөздің мағынасы батылдық. Яғни олар отқа кіруінде қайтіп батырланады, қандай нәрсе оларды тозақи амалдарды әрдайым жасауға түрткі болды. Бұл отқа бірден кіру емес, осы дүниеде жаман күнәларды қайтіп батырлық танытып, мақтанышпен істейді, осы істегендері оларды тозаққа кіргізеді. 
Сабыр сөзінің терминдік мағынасы: Ислам ғұламалары сабыр сөзінің терминдік мағынасын ашықтауда әртүрлі анықтама берген. Өйткені оның жан-жақты қамтитын ұғымы ауқымды әрі терең. Осы себепті сабыр сөзінің терминдік мағынасы толық түсінікті болу үшін оның шынайы құндылығына үңілу керек. 
Сабырлылық періштелер мен жануарлардан тыс арнайы адамзатқа ерекшеленіп берілген сипат. Себебі жануарлар бойларындағы құмарларына бағындырылған һәм қалауларын тежеп тұратын күшке ие емес. Осы құмарлары арқылы тіршілік етуде. Ал періштелер болса, керсінше құмарлық қасиеттен ада етіліп тек құлшылық пен Раббылары тарапынан келетін бұйрықтарды орындауға міндеттеліп әрі соған бейімделіп жаратылған[10, б. 1394]. Алла Тағала оларды кітабында былай сипаттайды: «Сондай-ақ Оның құзырындағылар (періштелер) Оған құлшылық қылуды ар көріп, тәкаппарланбайды және құлшылық етуден еш жалықпайды. Олар күндіз-түні еш жалықпастан Алланы (кемшілік атаулыдан, жын мен адамның Өзіңе тілеген лайықсыз сипаттарынан пәксің, адасың деп) үздіксіз ұлықтаумен болады».
Енді кейбір ғалымдардың сабырлыққа берген анықтамаларына назар салсақ:
Әбу Мухаммад әл-Жарири: Бақыттылық пен бақытсыздық хәліндегі көңіл тыныштығы.
Зуннун: Сабырлық ол Алла Тағаладан пана тілеу.
Әбу Али әд-Даққақ: Сабырлық өзінің атауы сияқты[11, б. 436].
Ибн Ато: Сынақтар барысында көркем әдептілікті сақтау.
Әл-Хоууас: Құран Кәрім мен сүннет үкімдеріне тұрақтылық, табандылық көрсету[12, б. 166].
Юсуф Қарадауй: Алла Тағаланың разылығына ұмтылған күйі нәпсі қалауларына тосқауыл қою. Рағыд сүресінде: «Сондай-ақ олар Раббыларының разылығына бөленуді көксеп (Алла жолында жүріп тап болған әрбір қиындыққа) сабырлылық танытады...».
Кемелділік кілті кітабында сабырлыққа берілген анықтама: Сабыр − тосыннан қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, әл-дәрменің таусылып, салың суға кеткен сәтте бойыңдағы бар күш-қуатыңды жинап қайраттану, басқа түскен ауыртпалыққа төтеп беру үшін белді бекем буу[13, б. 149].
Әл-Мунауиу: Рухани және материалды аурулар мен қорқыныштарға қарсы әсер ететін күш.
Әл-Жахиз: Қиындықтарды тежей алатын батылдық пен байсалдылықтан құрастырылған көркем-мінез.[14, б. 382].
Сағд ибн Жабирдың анықтауы бойынша: «Сабыр құлдың Раббысы тарапынан келген Қиындықтарды мойындауы мен есебін Алла Тағалаға қалдырып сауабынан үміт арту» деген.
Имам Журжани сабыр сөзіне анықтама бере келіп: "Бәлекеттің ауруын Алладан басқаға шағымын тастау Алла Тағалаға деген шағымдану – сабырлыққа теңдесі жоқ мінәжат", – деп түсіндіреді.
Имам Ғазалидың анықтамасында ол жайында: «Ұнамайтын нәрседен нәпсіге бөгет қою, басқа түскен жамандыққа разы болып, сауабын Аллаға табыстау» делінген. 
Қазақ әдебиетінің тілтанымында: Сабыр өз ісінің ақтығына сенімді, ниеттелуі түзу, тағдырдың бір Құдайдан екендігіне сенетін, әрбір қиындыққа сынақ ретінде қарап, мойымайтын адамға тән.Сабырдың қажыр-қайратпен оның адам бойындағы бойкүйездік, немқұрайдылық, еріншектік сияқты жаман қасиеттермен ымырласпайтындығының негізгі белгісі[15, б. 519].
Қорытынды
Адамның жамандықты сезінгісі келмей, оған қарсы тұруын немесе жамандықты жек көріп, одан бойын аулақ ұстауын сабырлық қасиет деп түсінсек қателесеміз. Сабыр адам бойындағы айғайшылдық пен жеңілтектікті ауыздықтау деген сөз. Адам көрген қайғысын ішіне жұтып, арыз-мұңын сыртқа шығармаса, ол адам сабырлық жасаған болып есептеледі. Адам баласы санасы сәулеленгеннен кейін құмарлық сезімдерін қатаң тұсап, есесіне тарту еткен періште пейілімен сауапты істерді атқаруға құмбыл болып тұрады. Яғни, Жаратушы тарту еткен адам бойында «сабыр» деген қасиет пайда болады. Осы қасиет адам бойындағы құмарлық сезімнен олжа алғысы келген қарадүрсін күшке табанды түрде қарсы күреседі. Адам сабырлы болмайынша өзінің қатесін түсіне алмайды. Тағатсыздық – бір сәт терең ойланып, жасалып жатқан амал-әркеттің нәтижесін ақыретпен байланыстыруға мүмкіндік бермейді. Алла Тағаланың разылығына ие болу мақсатында қолға алған қайырлы істі аяғына дейін жеткізу үшін адамның тағат-төзімі берік болуы керек. Тіпті, күнәні істемеу үшін сабырға берік болуы қажет. Осы себептен де сахабалар Алла елшісіне: «Иман дегеніміз не?» деп сұрағанда, Ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сабыр» деп жауап қатқан болатын.
Амр Холид «Ас-Собр уә Зәуқ» атты кітабында сабыр сөзін терең түсіндіру мақсатында оны басқа нәрсемен ұқсату тәсілін қолданып жазған: Расында нәпсі ол адамның мініс жануары іспетті оны не жәннатқа қарай айдайды не тозаққа қарай айдайды сол мініс жануарының жүгені сабыр, егер оны жібере салса, нәпсі оны қалаған жағына айдап алып кетеді.
Сахих Муслимде келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с) сабырлылықты бір сөзбен ғана көркем түрде сипаттаған: сабырлылық-жарық шұғыла. Жарық шұғыла дегеніміз – қыздыратын әрі жандыратын сәуле. Тап-таза, жарқырап тұрған, бірақ өртемейтін ай сәулесімен күн сәулесінің айырмашылығы осында. Сабырлылық жарық сәуле, өйткені оны адам жанының орындауы ауыр, бұл адамнан өз нәпсісімен күресуді және нәпсісінің қалауын тізгіндеуді талап етеді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Мухаммад ибн Али Әбу Толиб Әль-Мәкки Қутуль қулуб фи муғамалатил Махбуб. Бейрут: Дәрул кутубил илмиа, 2005.
2. Абдулмунғим Салих әл-Али әл-Ғиззи Тәһзибу мадарижис саликин. Мысыр: Дәруль Башир, 1997.
3. Мухаммад ибн Жәләлуд дин ибн Манзур Лисәнуль-араб. Бейрут: Дәруль Ихяу Туросуль Араби, 1993. Т. 7.
4. Болғанбаев Ә. Дәулетқұлов Ш. Қазақ тілінің сөздігі. Алматы: Дайк-Пресс 1999.
5. Абдуләзиз әл-Қоламуи, Сағд Әлфи Муғжаму Әлфазил Қуранил карим. Кайр: 1989. Т. 1.
6. Әбу Мухаммад Мәкки ибн Әби Толиб әл-Қойси Әл-Һидая илә булуғин ниһая. Шаржа: Жамиғатуш Шариқа, 2008.
7. Мухитдинов Р.С. Діни терминдер сөздігі. Алматы: Қазақ университеті, 2012.
8. Әбул Қосим әл-Хусейн ибн Мухаммад әл-Муфродат фи ғорибил Қуран. Мактабату наззар, Т. 1.
9. Ахмад Мустафа әл-Мароғи Тәфсирул Мароғи. Мысыр: 1946. Т. 23.
10. Әбу Хамид Мухаммад ибн Мухаммад әл-Ғазали Ихия улумид дин Кайр: Дәрус сәләм, 2013. Т. 2.
11. Мухаммад Фарид Уахди Дааирот мағарифил Қуран. Бейрут: Дәрул Мағрифа, Т. 5.
12. Абдул Карим ибн Һауазин ибн АбулМалик әл-Қушайри әр-Рисалату қушайрия. Каир: Дәрул Мағариф, 2010.
13. Әділбаев А. Кемелділік кілті Алматы: Нұр-Мүбарак, 2008.
14. Абдуррахман ибн Мухаммад ибн Абдуррахман ибн Маллух Маусуғату надротин нағим. Жидда: Дәрул уәсилә, 1998. Т. 6.
15. Ахмеди Ы. Нұргелді У. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Алматы: Қазақ энциклопедияс, 2010. Т. 12.
Пікір қалдыру
Суреттегі кодты енгізіңіз:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив