Әбу Ханифа медресе колледжінде интеллектуалды жарыс өтті
Әбу Ханифа медресе колледжінде студенттер арасында «Ән-Нуқоя Мухтасар әл-Уиқая» кітабы негізінде интеллектуалды жарыс өтті. Жарысқа 8 команда қатысып, әрқайсысында 3-4 студенттен болды.
Жарыс үш кезеңнен тұрды:
1. Интеллектуалды тестілеу – кітап мазмұнын меңгеру деңгейі бағаланды.
2. Сұрақ-жауап кезеңі – командалар залдағы студенттердің сұрақтарына жауап берді.
3. Аударма және талдау – интерактивті тақтада ұсынылған мәтінді қазақ тіліне аударып, терең талдады.
Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар анықталды:
- 1-орын – Талапкер тобы;
- 2-орын – Тәуекел тобы;
- 3-орын – Нұр тобы.
Жеңімпаздар ақшалай жүлделермен марапатталды.
«Мұхтасар» – ғасырлар бойы оқылған еңбек
Бұл жарыста қолданылған «Ән-Нуқоя Мухтасар әл-Уиқая» кітабы қазақ даласында ғасырлар бойы діни білім беру жүйесінің негізі болып келген. Ханафи мәзһабының маңызды еңбектерінің бірі саналатын бұл кітап ислам құқықтық ілімдерін ықшамды түрде түсіндіреді.
«Мұхтасар» – Бұхарадағы атақты ғалым Убайдуллаһ ибн Мас‘уд әл-Махбубидің еңбегі. Ол өзінің атасы Ахмет ибн Мас‘уд әл-Махбубидің «Уиқая» кітабына түсініктеме жазып, ықшамдап шығарған. «Уиқая» кітабы Бурһаниддин әл-Марғинанидің «әл-Хидая» атты әйгілі еңбегінің негізінде ықшамдалған еңбек.
Бұл кітаптар Ханафи мәзһабының іргелі еңбектері ретінде медреселерде оқытылып, қазақ даласындағы діни білімнің алтын арқауы болған. Бұған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының балалық шағындағы мына өлең жолдары дәлел:
Толғандым тоғызымда томағадай,
Ұмтылдым, көрсем оқу сарышадай.
«Мұхтасар», «шарх Ғабдолла» қабат оқып,
Талпындым бала құстай өрге қарай.
Бұл өлең жолдары ХІХ ғасырдың өзінде «Мұхтасар» кітабының қазақ даласында оқытылғанын көрсетеді. Мұндай ғылыми еңбектер қазіргі таңда да жастарды ұлттық және діни құндылықтарды терең түсінуге жетелейді.