Әбу Ханифа медресе-колледжі студенттері «Отбасы және Пайғамбар өнегесі» атты рухани Мәуліт кешіне қатысты
Әбу Ханифа медресе-колледжі студенттері «Отбасы және Пайғамбар өнегесі» атты рухани Мәуліт кешіне қатысты
Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Отбасы және Пайғамбар өнегесі» атты рухани Мәуліт кешіне Әбу Ханифа медресе-колледжінің студенттері де қатысты.

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мәуліт айының құрметіне арналған бұл тағылымды кешке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады.
Бас мүфти өз сөзінде Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайлы кеңінен айтып, көрермендерді ізгілікке, сабырға, еңбекқорлық пен адамгершілікке үндеді. Сонымен қатар, Құран Кәрімді ұлықтап, Алла Елшісіне көптеп салауат айтуға шақырды.

Кеш барысында зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары мен түрлі жоғары оқу орындарының шығармашыл жастары сахналық қойылымдар қойып, Мәуліт рухын әсерлі жеткізді. Шарадан түскен қаражат мұқтаж жандарға қайырымдылық ретінде табысталды.
Медресе студенттері бұл рухани кештен ерекше әсер алып, Пайғамбар өмірінен өнеге алып, өз бойларына көркем мінез қалыптастырудың маңызын терең сезінді. Бұл – олардың рухани дамуына, имани білімін нығайтуға және Пайғамбарымыздың сүннетін үлгі етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Әбу Ханифа медресе-колледжі
Баспасөз қызметі

