Әбу Ханифа медресе-колледжінің студенттері «HALAL EXPO-2025» халықаралық көрмесіне қатысты
Әбу Ханифа медресе-колледжінің студенттері «HALAL EXPO-2025» халықаралық көрмесіне қатысты

2025 жылғы 20-21 қыркүйек күндері Алматы қаласында ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің ұйымдастыруымен басталған «HALAL EXPO-2025» халықаралық көрмесіне Әбу Ханифа медресе-колледжінің бір топ студенттері арнайы барып қатысты.
Көрменің ресми ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, халал индустриясының маңыздылығы туралы мазмұнды баяндама жасады. Халал өнімдердің адам денсаулығы мен рухани тазалық үшін маңызын айта келе, бұл саланың дамуына Қазақстанның белсенді атсалысып жатқанын атап өтті.
Біздің медресе студенттері көрме аясында қойылған отандық және шетелдік 100-ге жуық кәсіпорынның халал өнімдерімен танысып, түрлі елдерден келген кәсіпкерлер мен сарапшылардан пайдалы ақпараттар алды. Сонымен қатар, көрме шеңберінде ұйымдастырылған семинар-тренингтерге қатысып, халал стандарттау, өндіріс, сертификаттау бағытындағы заманауи талаптар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты мағлұмат алды.

Бұл көрме студенттерімізге тек кәсіби білімін тереңдетуге ғана емес, сонымен қатар халал индустриясының жаһандық деңгейдегі келешегімен танысуға зор мүмкіндік берді. Медресе ұжымы атынан аталмыш шараны ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз.
Әбу Ханифа медресе-колледжі
Баспасөз қызметі
