Әбу Ханифа медресе-колледжінің шәкірттері қаржылық сауаттылық курсын аяқтады
Әбу Ханифа медресе-колледжінің шәкірттері қаржылық сауаттылық курсын аяқтап, сертификатқа ие болды
Әбу Ханифа медресе-колледжінің бір топ шәкірті ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (АРРФР) ұйымдастырған қаржылық сауаттылық бойынша оқыту курсынан сәтті өтіп, арнайы сертификаттармен марапатталды.
Курс барысында қатысушылар жеке қаржы басқару, қауіпсіз төлем тәсілдері, алаяқтықтан қорғану, инвестиция негіздері және заманауи қаржы құралдары туралы жан-жақты білім алды.
Маман-тренерлер шәкірттерге нақты мысалдар арқылы қаржыны дұрыс жоспарлау және жауапты тұтынушылық әдет қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Шараның мақсаты — жастардың қаржылық мәдениетін арттыру, оларды заманауи экономика талаптарына бейімдеу және болашақта сауатты қаржы шешімдерін қабылдай алатын тұлға ретінде қалыптастыру.
Сертификаттарын алған шәкірттер алдағы уақытта алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға дайын екендіктерін жеткізді.